Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімі аумағында мерзімді әскери қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Бір жыл бойы Отан алдындағы борышын адал атқарған жас жауынгерлер әскер қатарынан темірдей тәртіп пен тағылымды тәрбие алып, азаматтық өмірге қадам басты, деп хабарлайды F16.kz.
Сап алаңында өткен рәсім барысында сарбаздар жауынгерлік тумен қоштасты. Іс-шараға бөлім басшылығы мен сарбаздар қатысып, әскери қызметін аяқтаған жауынгерлерге құрмет көрсетті.
Бір жыл ішінде сарбаздар әскери даярлықтан өтіп, қару-жарақпен жұмыс істеуді, саптық және тактикалық іс-қимылдарды, жауынгерлік кезекшілікті меңгерді. Сонымен қатар олар әскери тәртіпке бағыну, ұжыммен жұмыс істеу, жауапкершілік пен төзімділік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастырды.
Қатардағы жауынгер Нұргелді Нүсіпбек әскери қызметтің өзіне үлкен мектеп болғанын атап өтті.
Әскер бізге тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Қиындыққа мойымауды, бір-бірімізге тірек болуды түсіндік. Қару ұстауды, техниканы меңгеруді, уақытты бағалауды және Отан алдындағы борыштың маңызын ұғындық. Бұл кезең біз үшін үлкен өмірлік тәжірибе болды, — деді ол.
Әскери бөлім командирі Жаннұр Саткынов сарбаздардың қызметіне жоғары баға берді.
Бұл сарбаздар бір жыл ішінде әскери істің негізгі бағыттарын меңгеріп, жақсы нәтижелер көрсетті. Олар тәртіпті сақтап, бөлімнің өміріне белсенді араласты. Әрқайсы өз міндетін адал атқарып, ел қорғаны болуға лайық екенін дәлелдеді, — деді подполковник.
Салтанатты шара соңында сарбаздарға әскери қызметті абыроймен өткергені үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.




