Бүгіннен бастап Қазақстанда азаматтардың мобильді аударымдарын тексеру басталды. Банктер 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша қаржылық мәліметтерді салық органдарына жолдады, деп хабарлайды F16.kz.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, енді тиісті органдар күмәнді операцияларды анықтауға кіріседі. Алайда жаңа талап бойынша барлық азамат бірдей тексерілмейді.
Тексеру жүргізу үшін нақты критерийлер белгіленген. Атап айтқанда, үш ай ішінде бір адамның шотына 100 немесе одан да көп түрлі тұлғадан ақша түсуі қажет. Сонымен қатар аударымдар кемінде үш ай бойы тұрақты түрде жалғасып, олардың жалпы сомасы шамамен 1 млн 20 мың теңгеден асуға тиіс.
Сонымен бірге туыстар мен достар арасындағы көмек, сыйлық ретінде жіберілген қаражат немесе бір реттік аударымдар бақылау аясынан тыс қалады.
Вице-министрдің сөзінше, мұндай тексеру бірден айыппұл салуға негіз болмайды. Егер азамат өз шотына түскен қаражатты табыс ретінде мойындаса, ол салық декларациясын тапсырып, тиісті төлемдерді жүзеге асыра алады немесе ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеле алады. Ал келіспеген жағдайда, қаражаттың кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін дәлелдеуге құқылы.
Сондай-ақ күнделікті тұрмыстық шығындарға байланысты жасалатын аударымдар, мысалы, азық-түлікке төлеу немесе жақын адамдарға ақша жіберу бұл бақылауға кірмейді.
Айта кетейік, бұған дейін вице-министр кейбір қазақстандық блогерлерге қатысты салықтық тексерулер жалғасып жатқанын хабарлаған. Қазіргі таңда 600-ден астам блогер жалпы сомасы 1 млрд теңге көлемінде салық төлеген.




