Шығыс Қазақстан облысының кейбір қала—аудандарында мемлекеттік қызметшілер жетіспейді. Бұл туралы Әдеп жөніндегі кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды F16.kz.
Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиевтің айтуынша, мемлекеттік қызмет саласында 54 штат бос тұр. Ал білімі жоғары, қолында тиісті дипломы бар кадрлар мемлекеттік қызметке келуге ынталы емес.
Мемлекеттік қызметшінің жалақысы төмен. Білікті кадрлардың көбі, әсіресе жастар табысы жоғары өнеркәсіп кәсіпорындарына жұмысқа барады. Осыдан кейін кадр тапшылығы туындап отыр. Сонымен қатар Риддер моноқала болғандықтан келетін жас мамандарға көтермеақы, жәрдемақы, баспанамен қамту сияқты қолдаулар қарастырылмаған. Бұл да қолбайлау болып тұр, – деді шаһар басшысы.
Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасында тоғыз лауазым бос тұр, оның үшеуі бала күтімімен үйде отырған адамдарға тиесілі. Қалған орындарға әзірге маман жоқ.
Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесін, сондай-ақ қоғамдық институттардың пікірін ескеретін болсақ, мемлекеттік қызметте кадр тапшылығы бар екенін байқаймыз. Әсіресе, шекаралық аймақтарда кадрлық әлеуеттің осал тұстары кездеседі. Бұл мәселе Ұлттық құрылтай деңгейінде де көтерілген. Меніңше бұл ретте бізге бірізділік керек сияқты, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің басшысы Ержан Айқымбеков маман жетіспеушілігін жою үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын және ол өз нәтижесін бергенін атап өтті.
Былтырдан бастап өңірімізде кадр тапшылығы азайып келеді. Бұл жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, түлектермен кездесу өткізіп, оларға бос орындарды ұсыну керек. Болашақ мамандарға мемлекеттік қызметте еңбекақыға қосымша бір жылда бірнеше рет сыйақы төленетінін, соның бәрін қосқанда орташа айлық жалақы еңбек өтіліне қарай 300-350 мың теңге көлемінде болатынын түсіндіру қажет. Сонда жас мамандардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы артады. Қазір осы бағытта аудан-қала әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Ержан Айқымбеков.
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агентті Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің Әдеп кеңесі өтті. Онда Риддер қаласы әкімі аппаратының, ШҚО ішкі саясат басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзу жағдайларының алдын алу жөніндегі атқарылған жұмысы тыңдалып, Алтай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына қатысты тәртіпті іс қаралды.




