Салық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес қосылған құн салығының (ҚҚС) артық төленген сомасын кімдер жеңілдетілген тәртіппен қайтара алады? Бұл сұрақтың жауабын өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері берді, деп хабарлайды F16.kz.
Ведомство мамандарының мәліметінше, жеңілдетілген қайтару тәртібін салықтық мониторингте тұрған және бір жыл ішінде нөлдік мөлшерлемемен салық салынатын айналым жасаған салық төлеушілер пайдалана алады. Сондай-ақ егер салық төлеушінің нөлдік мөлшерлемемен жүргізілген айналымы жалпы салық салынатын айналымның кемінде 50 пайызына тең болса, олар да осы мүмкіндікке ие болады.
Бұдан бөлек қайтарым жасау үшін салық төлеушіде қайтару туралы өтініш берген күнге дейін орындалмаған хабарламалар болмауға тиіс. Сонымен қатар соңғы 12 айда жүргізілген салықтық тексеру нәтижесінде қайтаруға жататын ҚҚС сомасы расталған болуы қажет.
Мамандардың айтуынша, жеңілдетілген тәртіп бойынша қаражат салық төлеушіге өтініш тапсырылған күннен кейін 15 жұмыс күні ішінде қайтарылады.
Департамент өкілдері Қазақстан азаматтарына салықты, төлемді және өсімпұлдарды төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі берілетінін де атап өтті. Ондай жеңілдік қаржылық қиындыққа тап болған, бірақ алдағы уақытта төлеуге шамасы жетеді деп есептелген азаматтарға беріледі.
Биыл 2025 жылғы табыстар мен мүлік туралы декларация (270.00 нысан) тапсыру қажеттігін айта кету керек. Бұл талап мемлекеттік қызметшілерге, оларға теңестірілген тұлғаларға, депутаттарға, бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор басшыларына, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен жетекшілеріне, сондай-ақ олардың жұбайларына қатысты.
Декларацияны eGov.kz порталы, салық төлеушінің кабинеті немесе eSalyk Azamat мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде тапсыруға болады.




