«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметіне сәйкес, 1-5 шілде аралығында облыс аумағында күндіз ауа температурасы 30-38 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Синоптиктердің болжамынша, ауа райының күрт ысуына байланысты өңірдің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Осыған байланысты тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ұсынылады.
Мамандар аптап ыстық кезінде мүмкіндігінше сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін сыртқа шықпауға кеңес береді. Ашық ауада ауыр дене еңбегімен айналысуды шектеп, көлеңкелі немесе салқын жерлерде болған жөн. Сондай-ақ көшеге шыққанда бас киім киіп, жеткілікті мөлшерде су ішу қажет.
Су айдындарында демалу кезінде де сақтық шараларын естен шығармаған абзал. Тек арнайы рұқсат етілген және жабдықталған жағажайларда ғана шомылып, балаларды қараусыз қалдырмау қажет. Сонымен қатар мас күйінде суға түсуге қатаң тыйым салынады.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау да аса маңызды. Тұрғындарға тұрғын үйлер мен саяжайлардың маңында от жақпау, құрғақ шөп пен қамысты өртемеу, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарын дайын ұстау ұсынылады. Көліктен сөндірілмеген темекі тұқылдарын немесе шыны бөтелкелерді тастауға болмайды.
Егер белгілі бір аумақта арнайы өртке қарсы режим енгізілсе, ол күшін жойғанға дейін орман алқаптарына баруға қатаң тыйым салынады.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» бірыңғай құтқару қызметіне хабарласу қажет.




