2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке куәлік алғаш рет алынғанда және оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстырылған жағдайда тегін беріледі.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында тұрақты негізде талдау жүргізіп келеді.
2025 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелері көрсететін мемлекеттік қызметтерді талдау барысында бірқатар проблемалық мәселелер анықталып, оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірленді.
Негізгі ұсыныстардың бірі Қазақстан Республикасы азаматтарына жеке куәлік беру жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету тәртібіне өзгерістер енгізу болды. Бұған дейін жеке куәлікті алғаш рет алу да, оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстыру да ақылы негізде жүзеге асырылатын.
Жеке куәліктің Қазақстан Республикасы азаматтары үшін міндетті құжат екенін ескере отырып, Департамент құжатты алғаш рет алу мен оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстырылуын тегін етуді ұсынды.
Бұл ұсыныс қолдау тауып, жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді қазақстандықтар жеке куәлікті алғаш рет алғанда немесе оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін мемлекеттік баж төлемей ауыстыра алады.
Бұл мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Е.М. Айқымбеков,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
ШҚО бойынша департаментінің басшысы




