Өскемен қаласында 1 шілде – Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының күшіне енген күніне орай «Жаңа Конституция: жаңа кезең, жаңа мүмкіндіктер» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – қоғамда конституциялық құндылықтарды дәріптеу, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және еліміздің Ата Заңының тарихи маңызы мен мемлекеттік дамуындағы рөлін кеңінен насихаттау болды.
Іс-шара барысында «Әділет» партиясының белсенді жастары қала тұрғындарымен, әсіресе жастармен ашық пікір алмасып, жаңартылған Конституцияның қабылдануы мен күшіне енуінің мән-маңызын түсіндірді. Олар Ата Заңда айқындалған негізгі қағидаттар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері, сондай-ақ еліміздің демократиялық дамуындағы Конституцияның орны туралы жан-жақты ақпарат берді.

Мерекелік бағдарлама патриоттық әндермен әрленіп, жиналған қауымға ерекше рух сыйлады. Сонымен қатар, арнайы ұйымдастырылған фотобудка көпшіліктің қызығушылығын тудырып, тұрғындар естелік суреттерге түсіп, мерекелік көңіл күймен бөлісті.
Шара аясында кішкентай тұрғындарға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы бейнеленген жалаушалар мен түрлі түсті шарлар таратылып, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Бұл өз кезегінде мерекенің мазмұнын байытып, патриоттық рухты нығайтуға ықпал етті.
Қала тұрғындары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, Конституцияның ел өміріндегі айрықша орны, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызы жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Іс-шара азаматтардың конституциялық құндылықтарға деген құрметін арттырып, елдің болашағына деген сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық бастама болды.





