Өскемендегі тұрақтандыру қорының павильондары кезең-кезеңімен жаңартылады. Бұл туралы ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансат Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
Басқарма басшысының айтуынша, алғашқы үш жаңа павильонның орналасатын орны белгіленген. Бастама аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін арттыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға әрі қызмет сапасын жетілдіруге басымдық берлімек.
Жаңа павильондар тұрақтандыру қоры өнімдерінің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қаланың сәулеттік келбетіне де үйлесім береді, – деді Исатай Ансат.
Қазір облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саудаланатын 30-дан астам сауда нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының дүңгіршектері мен тұрғын үйлерге жақын орналасқан әлеуметтік дүкендер бар.
Тұрақтандыру қорының өнімдері бүгінде тек Өскемен тұрғындарына ғана емес, өңірдегі аудан-қалаларда да қолжетімді. Сауда орындары Риддер, Алтай қалаларында, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан аудандарында да тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.




