Катонқарағай ауданында Рыков атындағы орта мектеп жанынан «Мейірім» шағын орталығы ашылды.
Шағын орталықтың ашылуына аудан әкімдігі мен білім бөлімі, Рыков атындағы орта мектептің бұрынғы түлектері және жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсеткен. Мекеменің ашылу рәсімінде бастамашыл азаматтарға алғыс хат табысталды.
Ал аудан әкімі Данияр Дүйсембаев құттықтау сөзінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың бала болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Жаңа орталықтың ашылуы бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына мүмкіндік беретінін айта келе игі істің жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
Аудан әкімі, ардагер ұстаздар – Бауыржан Тоқтағанов пен Дәметкен Нұриева шағын орталықтың лентасын қиып, бүлдіршіндерге лебіз білдірді.
Мерекелік бағдарламада бүлдіршіндер ән айтып, тақпақ оқып, би биледі. «Әженің арманы» көрінісі арқылы балалардың бақытты балалық шағы мен ел болашағы туралы ойлар көрініс тапты. Шара соңында қонақтар шағын орталықтың бөлмелерін аралап, балаларға арналған оқу-тәрбие жоспарларымен танысты.
– Аудан орталығында мектепке дейінгі тәрбие мекемелерін дамыту мәселесі алдағы уақытта да өзекті болып қала береді. Осыған байланысты жаңа балабақша ашу мәселесі қарастырылуда. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Аудан әкімдігі бұл жобаны алдағы уақытта жүзеге асыруды көздеп отыр, – деді аудан әкімі Данияр Дүйсембаев.
«Мейірім» шағын орталығы 50 балаға шақталған. Мұнда екі жас ерекшелік тобы жұмыс істейді: 3-4 жастағы бүлдіршіндер тобы және 5 жастағы мектепалды даярлық тобы. Кіші топта балалардың жаңа ортаға бейімделуіне, алғашқы әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға және жан-жақты дамуына басымдық беріледі. Ал мектепалды даярлық тобының жұмысы балаларды мектеп өміріне дайындауға, танымдық қабілеттерін, тілін және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған.
Шағын орталықты іске қосу үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Жөндеу жұмысына 16 миллион теңге, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 19 миллион теңге жұмсалған. Осылайша, орталықты жөндеу және жабдықтауға бағытталған жалпы қаражат көлемі 35 миллион теңгені құрады.
Балалардың тәрбиесі мен дамуын қамтамасыз ету үшін орталықта 4 тәрбиеші, 2 тәрбиеші көмекшісі және 5 педагог қызмет атқарады. Сонымен қатар балалардың жеке қажеттіліктеріне қарай қолдау көрсету мақсатында дефектолог, психолог, дене шынықтыру маманы, музыка жетекшісі және медбике жұмыс істейді.
– Мамандардың әрқайсысы балалардың дамуына өзіндік үлес қосады. Тәрбиешілер күнделікті оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырып, педагогтер бүлдіршіндердің қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Дефектолог пен психолог балалардың жеке ерекшеліктерін ескеріп, қажетті қолдау көрсетеді. Дене шынықтыру маманы қимыл-қозғалыс дағдыларын жетілдіруге, музыка жетекшісі шығармашылық қабілеттерін дамытуға атсалысады. Ал медбике балалардың денсаулығын бақылап, санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуын қадағалайды, – дейді Рыков атындағы орта мектебінің директоры Райхан Саниязова.
Серік Абай




