Аягөз ауданының Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының санитарлары ерекше күтімді қажет ететін балаларға физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткен. Ал мекеменің кейбір қызметкерлері бұл жағдайды біле тұра, ешқандай шара қолданбаған. Бұл туралы Абай облысының прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында Абай облысының прокуратурасы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын тексеріп жатыр.
Аягөз ауданының Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын тексеру барысында санитарлар тарапынан тәрбиеленушілердің дәрменсіз күйін пайдаланып, оларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткен 100-ден астам факті анықталды. Бұдан бөлек, заңсыз әрекеттер көз алдында жасалған, бірақ олардың жолын кесуге ешқандай шара қолданбаған мекеменің кейбір қызметкерлерінің әрекетсіздігі әшкереленді, — делінген прокуратура мәліметінде.
Аталған факті бойынша прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қатысы бар кінәлі тұлғалар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетіліп, балалармен қарым-қатынас жасауы шектелді.
Тексеру шаралары әлі де жалғасып жатыр.




