Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханаға көрнекті жазушының есімі берілгеніне 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде кітапхана заманауи технологияларды меңгерген, оқырманға жаңа мүмкіндіктер ұсынатын мәдени-ағартушылық кеңістікке айналған орталыққа айналып келеді.
Он жылдан бері кітапхана ұжымы жазушының рухани мұрасын насихаттап, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыруға және кітапхана қызметін заман талабына сай дамытуға күш салып келеді.
Мерейтой аясында «Оралхан Бөкеймен — 10 жыл!» атты салтанатты шара өтіп, мәдениет ошағының осы кезеңде жүзеге асырған жобалары мен жетістіктері таныстырылды. «10 жыл — 10 жетістік» атты бейнематериалда кітапхананың даму жолы, жаңа бастамалары мен оқырманға ұсынған мүмкіндіктері көрініс тапты.
Оның ішінде маңызды жобаларының бірі — BOKEY.KZ электронды кітапханасы. Жобаның арқасында жазушының әдеби мұрасын цифрлық форматта танып-білуге мүмкіндік туды. Бұл — қаламгер шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізудің және оларды оқырманға қолжетімді етудің заманауи жолы.
Бүгінде кітапхана жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы да осы бағыттағы бастамалардың маңызын арттыра түсті.
Сондай-ақ бүгінде мұнда оқырманның сұрақтарына жауап беруге арналған чат-бот жұмыс істейді. Ал «Digital Fashion» жобасы виртуалды сән әлемін ұсынып, жастардың шығармашылыққа деген қызығушылығын жаңа форматта дамытуға мүмкіндік береді.
Балаларға арналған мультстудияны да атамай кетуге болмас. Онда жас оқырман алдымен өздері таңдаған кітапты оқып, оның кейіпкерлері туралы мультфильмдер жасай алады. Осылайша кітап оқу шығармашылық үдеріспен ұштасып, балалардың қиялын, ойлау қабілетін және цифрлық дағдыларын дамытуға жол ашады.
Кітапхана мамандары фотосуреттерді жандандыру технологияларын да қолданады. Соның нәтижесінде жазушы Оралхан Бөкейдің бұрынғы фотосуреттері жаңаша сипатта ұсынылды.
Бүгінде мәдениет ошағының ұжымы заманауи технологияларды тек өз жұмысында қолданумен шектелмейді. Қызметкерлер тұрғындарға жасанды интеллект құралдарын тегін меңгеруге көмектесіп, семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Осындай бастамалар цифрлық сауаттылықты арттыруға, жаңа технологияларды күнделікті өмірде тиімді пайдалануға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, кітапхана мамандары тәжірибе алмасуға және кәсіби білімді жетілдіруге де мән береді. Биыл 29-30 маусымда мұнда «Болашақтан қорықпау: жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана» атты Орталық Азия кітапханашыларының халықаралық конференциясы өтті.
Бұл бастамалар кітапхананың тек ақпарат сақтайтын орын емес, жаңа білім мен технологияны меңгеруге жағдай жасайтын ашық алаңға айналып келе жатқанының айқын дәлелі.




