10 гектар жерден 400 келі картоп алған самарлық кәсіпкер тұтас өңірді жергілікті өніммен қамтуға әзір, деп хабарлайды F16.kz.
Әңгіме Самар ауданындағы «Нұр» шаруа қожалығы жөнінде. Жыл басында Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан басшыларына жергілікті шаруашылықтардың күшімен көкөніс өсіру және оны өткізу жұмыстарын жандандыруды тапсырған болатын. Аталмыш шаруа қожалығының басшысы Нұрболат Нұрпейісовтің айтуынша, картопты өнеркәсіптік көлемде өсіру жөніндегі идеяны аудан әкімі Серік Жеңісов ұсыныпты. Алғашқы тәжірибе бірден оң нәтиже көрсетіп, 10 гектар аумақтан 400 тонна картоп жиналған.
– Картоп өсіруді маған аудан әкімі Серік Жеңісов ұсынды. Шынымды айтсам, 10 гектар жерге картоп еккен кезде өзім де қандай нәтиже боларын білмей алаңдағаным рас. Бірақ нәтиже күткенімнен де асып түсті, – дейді «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Нұрболат Нұрпейісов.
Кәсіпкердің айтуынша, мол өнімнің бір бөлігі Самар ауданындағы сауда орындарында сатылған. Бір келісі – орта есеппен 150 теңге. 90 тоннаға жуық өнім аудан ішінде саудаланды. Бұдан кейін сұраныс арта түсіп, Самар бренді Күршімге және облыс орталығына жол тартқан көрінеді. «Нұр» шаруа қожалығының картобын қазір Өскемендегі «Алтай» көтерме-тарату орталығынан сатып алуға болады.
Шаруашылықтың бұл бағытты одан әрі дамытуға мүмкіндігі бар. Кәсіпорында қажетті ауыл шаруашылығы техникасы жеткілікті, ал егін жинау науқаны кезінде жергілікті тұрғындар қосымша жұмысқа тартылады. Биыл маусымдық жұмыспен 50-ге жуық адам қамтылған.
Нұрболат Нұрпейісовтің айтуынша, жұмысқа орналасуға қызығушылық танытқандар көп. Тұрғындар әлі күнге дейін телефон соғып, шаруашылықтағы жұмыс мүмкіндіктерін сұрастырады.
– Адамдар әлі де хабарласып, тұрақты жұмыс бар-жоғын сұрайды. Сондықтан келесі жылы ниет білдірген тұрғындарды тұрақты жұмысқа қабылдау мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз. Егістікте жұмыс жеткілікті, біз жергілікті тұрғындарды тартуға мүдделіміз, – дейді кәсіпкер.
Қазір шаруашыл азамат өндіріс көлемін арттыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Алдағы жоспардың бірі – аудан нарығынан шығып, бүкіл Шығыс Қазақстан облысын картоппен қамтамасыз етуге үлес қосу.
Нұрболат Нұрпейісов үшін басты мақсат – мол өнім алу ғана емес, өңірдің өзіндік ауыл шаруашылығы брендін қалыптастыру.
– Уақыт өте келе Самар ауданының өзіне тән ауыл шаруашылығы бренді болғанын қалаймыз. Мәселен, Күршім қарбызымен танымал болса, біздің ауданның аты картоппен астасып жатса дейміз, – дейді шаруа қожалығының басшысы.




