Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген тексерістерден кейін бірден жеті микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды. Ведомство компанияларда заңнама жүйелі түрде бұзылғанын, бұл қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарының бұзылуына әкеп соқтырғанын хабарлады.
Лицензиядан айыру туралы шешімдер 23 қазанда қабылданды. Тізімге жеті ұйым енді:
«MaxMoney МҚҰ» ЖШС;
«Microfinance Systems МҚҰ» ЖШС;
«SurfKaz Finance МҚҰ» ЖШС;
«MFO№1 МҚҰ» ЖШС;
«Умит Финанс МҚҰ» ЖШС;
«Вивус МҚҰ» ЖШС;
«EL QAZYNA МҚҰ» ЖШС.
Клиенттердің келісімшарттары мен қарыздары не болмақ?
Лицензиядан айырылғаннан кейін микроқаржы ұйымы микроқаржылық қызметті жалғастыруға құқылы емес. Сондай-ақ МҚҰ заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қолданыстағы микрокредит беру туралы шарттардың талаптарын өзгерте алмайды.
Сонымен қатар клиенттердің міндеттемелері сақталады. Өтелмеген микрокредиттері бар қарыз алушылар жасалған шарттардың талаптарын орындауға тиіс және міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.




