Енді қолөнершілер өз қолымен жасаған бұйымдарын арнайы платформа арқылы сата алады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен SHEBER маркетплейсі іске қосылды, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі қолөнер шеберлерін аталған жобаға қосылуға шақырады.
Шығыс Қазақстанда киізден, ағаштан, былғарыдан ерекше бұйымдар жасап, ұлттық киімдер, әшекейлер мен кәдесыйлар дайындайтын талантты қолөнершілер аз емес. Алайда көпшілігі өз өнімдерін нарыққа шығара алмайды. Жаңа SHEBER платформасы қолөнершілерге бөлшек саудадағы сатып алушылармен қатар корпоративтік тапсырыс берушілерге де тікелей шығуға мүмкіндік береді. Яғни шеберхананың қай жерде орналасқанына қарамастан, өз өнімдерін бүкіл Қазақстан бойынша сатуға жол ашады.
Маркетплейстің басты артықшылықтары – тауарлар тегін орналастырылады және сатылымнан комиссия алынбайды. Ал төлем тікелей сатушының шотына түседі. Платформаға өз қолымен бұйым жасайтын шеберлер тіркеле алады. Негізгі талаптар – жеке кәсіпкер (ЖК) немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде тіркелу, шеберхананың Қазақстан аумағында орналасуы, өнімдердің өзіне тиесілі фотосуреттерінің болуы және банк шотына тыйым салынбауы. Өзге өндірушілердің бұйымдарын қайта сатуға, өнеркәсіптік және импорттық өнімдерді орналастыруға жол берілмейді, -деді “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Қосымшаға тіркелу толықтай онлайн форматта жүргізіледі. Ол үшін SHEBER мобильді қосымшасын жүктеп, өзі және өнімдері туралы мәліметтерді толтырып, модератордың тексеруінен өту жеткілікті. Өтінім мақұлданып, интернет-эквайринг қызметі қосылғаннан кейін шебер өз бұйымдарын сатып бастай алады.
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы өңір қолөнершілерін SHEBER платформасына тіркелуге шақырады.




