Шығыс Қазақстан облысында көшкін жүру ықтималдығы жоғары кезең басталды. Мамандар өңірде 325 қауіпті учаске бар екенін анықтады, деп хабарлайды F16.kz.
«Қазселденқорғау» мекемесінің өңірлік филиалының мәлімдеуінше, аталған учаскелердің аумағында 93 шақырым көлік жолы, демалыс орындары мен шаңғы базалары бар.
Қауіпті аймақтардағы жағдайды бақылау үшін мамандар 20 маршрут әзірлеп, 160 қар өлшеуіш тақтайша орнатқан. Қардың қалыңдығын, көшкін жүру ықтималдығын және учаскелердің жалпы жағдайын анықтау үшін апта сайын тексеру жүргізіледі.
Сонымен қатар демалыс орындарында, шаңғы базаларында және автокөлік жолдарының бойында 40 ескерту тақтайшасы қойылған.
Айта кетейік, өткен жылы қар көшкінінің алдын алу үшін 14 профилактикалық жұмыс жүргізіліп, бейткейлерден 5 231 текше метр қар түсірілген.
ШҚО ТЖД мамандары тұрғындар мен туристерді таулы аймақтарға шығар алдында ауа райы болжамын мұқият бақылауға шақырады.
«112» қызметінен ескерту келген жағдайда тәуекелге бармай, қар көшкіні қаупі бар бағыттармен жолға шықпаған жөн», — деп ескертті ШҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ануар Қайсанов.




