Бұл жөнінде Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
Зайсан әуежайында ұшу-қону жолағының, перронның, рульдеу жолының, кірме жолдардың және негізгі инженерлік желілердің құрылысы, сондай-ақ жарық-сигналдық және радионавигациялық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталған. Қазір әуежай инфрақұрылымы нысандарының ғимараттарында әрлеу жұмыстары, жабдықтарды монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жобаны іске асырудың қорытынды кезеңдерінің бірі – Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүргізіп жатқан Зайсан аэродромын сертификаттау рәсімінің басталуы», — делінген ақпаратта.
Сондай-ақ бейінді ведомствоның ресми сайтында Катонқарағай әуежайында да ұшу-қону жолағының, перронның, рульдеу жолының және блокты-модульдік қазандықтың құрылысы, республикалық маңызы бар автомобиль жолын көшіру жұмыстарының аяқталғаны жазылған.
Қазір инженерлік желілерді тарту, тазарту құрылыстарын салу, әуежай инфрақұрылымы нысандарының ғимараттарын әрлеу және аэронавигациялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.




