Қазіргі білім беру жүйесінің дамуы тек мектеп ғимараттары мен оқу бағдарламаларын жаңартумен шектелмейді. Ең бастысы — әр баланың қабілетін ашуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру, сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету және ұстаздардың кәсіби өсуіне жағдай жасау.
Осы мәселелер Өскемен қаласындағы №24 мектеп ұжымымен өткен кездесуде кеңінен талқыланды. Облыстық мәслихат депутаттығына партиялық тізіммен ұсынылған кандидаттар Зоя Новолодская мен Ерасыл Абылдабеков «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, білім беру саласындағы бастамаларға тоқталды.
Бағдарламадағы негізгі бағыттардың бірі — мектеп инфрақұрылымын жаңғырту. Алдағы кезеңде өңірде жалпы сыйымдылығы 8 мыңға жуық оқушы орны бар 18 мектеп салу көзделген. Оның жетеуі Өскемен қаласында бой көтеріп, 5 680 оқушы орны ашылмақ. Бұл бастамалар білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтып, балалардың заманауи талаптарға сай жағдайда білім алуына мүмкіндік беруге бағытталған.
«Білім беруді дамыту — өңірдің болашағына салынған инвестиция. Әр баланың сапалы білім алуына, ал педагогтердің заманауи әрі қолайлы ортада еңбек етуіне жағдай жасалуы керек. Өңірлік бағдарламада жаңа мектептер салу мәселесі қарастырылған. Бұл білімнің қолжетімділігін арттырып, оқушы орындарының тапшылығын шешуге ықпал етеді», — деді Зоя Новолодская.
Бағдарламада оқыту сапасын арттырумен қатар, мектептерге әдістемелік қолдау көрсетуге де басымдық берілген. Атап айтқанда, ауыл мектептерін қолдауға арналған Ұлттық тірек мектептер желісін құру ұсынылып отыр. Олар орта білім берудің ресурстық орталықтарына айналып, 174-тен астам шағын жинақты мектепке әдістемелік сүйемелдеу көрсетеді.
Білім беру жүйесіне заманауи технологияларды енгізу де назардан тыс қалмаған. 2026–2031 жылдары өңір мектептеріне 51 STEM кабинетін сатып алу көзделіп отыр. Сондай-ақ Өскемен қаласында физика, математика және информатика пәндерін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған инженерлік мектеп ашу жоспарланған. Оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалған.
«Сапалы білім беру үшін заманауи мектеп ғимараттарының болуы ғана жеткіліксіз. Оның материалдық-техникалық жабдықталуы мен педагогтердің кәсіби біліктілігі де маңызды. Мұғалімдер жаңа оқыту әдістерін тиімді қолдануы үшін заманауи білім беру ресурстарына, қажетті құрал-жабдықтарға және әдістемелік қолдауға қол жеткізуі керек», — деп атап өтті Ерасыл Абылдабеков.
Кездесу соңында кандидаттар педагогтерді алдағы сайлауға белсенді қатысуға, өңірлік бағдарламамен танысып, «Әділет» партиясын қолдауға шақырды. Өңірдің алдағы даму бағытын айқындауда әр тұрғынның таңдауы мен азаматтық ұстанымы маңызды екені атап өтілді.
Дайындаған: «Әділет» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Мекеева Ж.Ж.
«Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауда» партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ-ның сайлау қорынан төленді.




