Өскеменнің «BEREL» волейбол клубы ел чемпионатында жеке-дара көш бастап тұр, деп хабарлайды F16.kz.
Ұлттық лиганың төртінші туры мәреге жетті. Маусым басынан бері бірде-бір жеңілмеген «BEREL» турнирлік кестедегі басымдығын нығайта түсті.
Ел чемпионатына қатысушы командалар сегіз ойыннан өткізді. «BEREL» үшін маңызды кездесудің бірі Талдықорғанның «Жетісу» командасына қарсы болды. Екі матчта да өскемендік волейболшы қыздар жеңіске жетті. Алғашқы кездесу тартысты өтіп, бес партияға созылды. «BEREL» тай-брейкте 3:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші ойында өскемендіктер қарсыласын 3:0 есебімен ұтты. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша өскемендік клубтың ойыншысы Ольга Скрипак матчтың үздік ойыншысы атанды.
Енді «BEREL» келесі ойындарын 28-29 қараша күндері турнир кестесінде екінші орында тұрған «Қуаныш» командасына қарсы өткізеді.




