Ұлан ауданына жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Мамай батыр ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт пен Баяш Өтепов ауылындағы Амангелді атындағы мектепке барды. Негізгі назар ғимараттардың жай-күйіне, мамандардың еңбек ету және балалардың білім алу жағдайына аударылды.
Мамай батыр ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт 1976 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Медициналық пункт бір ауысымда 15 адамды қабылдауға арналған. Мұнда төрт қызметкер еңбек етеді. Тұрғындарды учаскелік дәрігер Жадыра Қалиасқарова қабылдайды. Медициналық көмекті Мамай батыр ауылының тұрғындарымен қатар көршілес елді мекендердің халқы да алады.
Ғимараттың қазіргі жағдайын ескере отырып, облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселесін пысықтап, жобаны одан әрі қарау үшін қажетті құжаттар мен қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеуді тапсырды.
«Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуы айрықша маңызды. Әсіресе бір медициналық пункт бірден бірнеше елді мекенге қызмет көрсететін жағдайда бұл мәселенің мәні арта түседі. Сондықтан жаңа ғимарат салу мәселесін пысықтап, тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне лайықты жағдай жасауымыз қажет», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жұмыс сапары аясында әкім Баяш Өтепов ауылындағы Амангелді атындағы негізгі мектепке де барды. Бүгінде мұнда 1-9 сыныптар аралығында 24 оқушы білім алады. Тағы бес бала мектепалды даярлықтан өтуде. Мектепте жеті оқу кабинеті, IT кабинеті, кітапхана және асхана жабдықталған.
Нысанды аралау барысында мектеп бөлмелерінің жай-күйі мен бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселелер талқыланды. Әсіресе ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударылды.
«Шағын ауыл мектептерінде әрбір оқушы маңызды. Мектепте қанша бала білім алатынына қарамастан, олардың барлығына қауіпсіз әрі жайлы жағдайда сапалы білім алуға мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл талап медициналық мекемелерге де қатысты. Шешуді қажет ететін мәселелерді кезең-кезеңімен пысықтаймыз», – деді аймақ басшысы.




