Ұлан ауданының Таврия ауылында құс фабрикасы салынады, деп хабарлайды F16.kz.
«ALTAY QUS» ЖШС-ның фабрикасы жыл сайын 150 млн дана тағамдық жұмыртқа және 400 тонна құс етін өндіретін көрінеді. Бүгін нысан құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Рәсімге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
- Жобаның жалпы инвестициялық құны — 5,5 млрд теңге. Жоспар бойынша 480 мың құсқа арналған бес құс қорасы салынады. Кәсіпорын жыл сайын 150 млн данаға дейін тағамдық жұмыртқа және 400 тонна құс етін өндіре алады, — деп мәлімдеді облыс әкімдігінен.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Altai Qus» құс фабрикасы Ұлан ауданының экономикалық өсімінің жаңа нүктесіне айналады деп сенім білдірді.
- Инвестициялық жобалардың тек жаңа өндірістік қуаттарды құрумен шектелмей, өңірге нақты пайда әкелуі біз үшін аса маңызды. Олар жергілікті өндірісті дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, салық базасын кеңейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуі тиіс. «Altai Qus» құс фабрикасы Ұлан ауданының экономикалық өсімінің жаңа нүктесіне айналып, Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға елеулі үлес қосады деп сенемін, — деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.




