18-24 қараша аралығында өңірдің тәртіп сақшылары 1 078 жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегін тіркеді, деп хабарлайды F16.kz.
Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, бір аптада қауіпсіздік белдігін тақпағандар (509 дерек) мен маневр жасау қағидаларын бұзғандар (301 дерек) көп тіркелген.
Одан бөлек 89 жүргізушінің апаттық жағдай туғызғаны және қарсы бағытқа 18 рет шыққаны анықталды. Бір апта ішінде көлікті мас күйде басқарған 26 жүргізуші және көлік басқару құқығы жоқ немесе бұл құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған 58 адам анықталды. Сондай-ақ, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 46 дерегі тіркелді, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Полиция жол жүрісі қағидаларын елемеу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Қауіпті маневрлер жасау, көлікті мас күйде басқару және қауіпсіздік белдігін тақпау жүргізушінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.




