Республикалық қан қызметінің еріктілері Ермек Дүйсенханов пен Арман Сатимов қан донорлығының маңызын насихаттау үшін Қазақстанды аралап, 17 күндік автосапарға шықты, деп хабарлайды F16.kz.
Олар әр қалаға тоқтап, шағын дәріс оқиды, ақпараттық материалдар таратып, жергілікті тұрғындармен және БАҚ өкілдерімен кездесулер өткізеді. Сапар барысында еріктілер ірі қалаларды ғана емес, шалғай ауылдарға да ат басын бұрады. Себебі донор болуға әр адамның мүмкіндігі бар.
Жобаға алты облыстың әкімдіктері қолдау көрсетіп отыр. Қан орталығының логотипі бар көлікпен жолға шыққан еріктілер Астана, Қостанай, Хромтау, Ақтөбе қалаларында болып, енді Ақтауға жетті.
Сонымен қатар амбассадорлар экология, табиғатты сақтау, ауылдарды дамыту және тарихи мұраны қорғау мәселелерін де көтеріп жүр.
Дәрістен кейін еріктілер қазақстандықтармен бірге Қан орталығының логотипі бейнеленген арнайы жабдықталған көлікке қызыл нүктелер жапсырады. Қазірдің өзінде ондаған нүкте жапсырылған және олардың саны артып келеді. Бұл – донорлық туралы білетін адамдар қатары көбейіп жатқанын білдіреді.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы