ШҚО-да пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр 117 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл туралы ШҚО Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Даулет Сарманов, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Жыл басынан бері қайтарылған жердің көлемі 35,7 мың гектарға жетті.
Басқарманың мәліметіне сүйенсек, қайтарылған жердің 89%-ы, яғни 103,8 мың гектары қала мен аудан әкімдіктері жұмысының нәтижесінде қайтарылған. Барлық жер телімдері ауыл шаруашылығы айналымына тартылып, бірінші кезекте жергілікті халықты мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге басымдық беріліп жатыр.
Былтыр жайылымға деген қажеттілік 69,9 мың гектар көлемінде болған, ол қайтарылған жер есебінен толық жабылған.
Жайылымдарды жүйелі пайдалану мақсатында әкімдік тарапынан бес жылдық жайылымдарды басқару жоспары әзірленіп жатыр. Бұл шаралар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Сонымен қатар өңірде жерлерді бөлу бойынша аукциондары мен конкурстары өткізіледі. Былтыр коммерциялық мақсатта 117 жер телімі, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін 274 телім берілді. Жер телімдерін сату «Госреестр» порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылады, ал ауыл шаруашылығы жерлері конкурстық негізде, жер комиссияларының қатысуымен бөлінеді.
Ал, ШҚО геопорталынан жер телімдері, инженерлік инфрақұрылым, экологиялық аймақтар және кадастрлық құны туралы толық ақпарат алуға болады. Геопортал «Қазгидромет», Бірегей мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры және басқа да ақпараттық жүйелермен интеграцияланған.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі



