Шығыс Қазақстан облысында жаңадан оңалту және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып жатыр. Саланы цифрландыру жұмысы да дұрыс жолға қойылған. Бұның бәрі әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған кешенді шаралар аясында қолға алынды, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының деректерінше, өңірде ерекше назар аударуды қажет ететін 300 мыңнан астам адам тұрады. Олардың қатарында зейнеткерл, ардагер, көпбалалы отбасы және мүгедектігі бар адамдар бар. Бұл азаматтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі.
ШИПАЖАЙДА ТЕГІН ЕМ АЛАДЫ
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соғысқа қатысушыларға 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем берілді. Тыл еңбеккерлері мен майдангерлердің жесірлеріне 392 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ауған соғысы, чернобыль апаты және басқа да әскери қақтығыстарға қатысқандарға берілетін төлем көлемі 150 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Ардагерлерге шипажайда тегін ем алу мүмкіндігі берілген. Жыл басынан бері 1616 адам Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайында тегін емделді.
КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК
Өңірде 13 мыңнан астам көпбалалы ана бар, олардың 8951-і төрт және одан көп баласы бар отбасы. Кейінгі төрт жылда олардың саны 40%-ға өсті. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 13 мыңнан астам әйелге 15 мың теңге көлемінде біржолғы төлем берілді.
2025 жылдың алғашқы төрт айында 895 отбасы (4 мыңнан астам адам) атаулы әлеуметтік көмек алды. Халық табысын арттыру бағдарламалары белсенді іске асуда: шамамен 6 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Соның нәтижесінде көмекке жүгінгендердің саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 41%-ға азайды.
ИППОТЕРАПИЯНЫҢ ИГІЛІГІ
Облыста 27 мыңнан астам мүгедектігі бар адам, оның ішінде 3 мыңнан астам бала тұрады. Дамуында ауытқуы бар балалардың шипажайда емделуіне 100% ақы төлеу және оларды ертіп жүретін ата-анасының шығындарының 70%-ын өтеу қарастырылған. Өскемен, Винное (Глубокое ауд.) және Дайыр (Зайсан ауд.) елді мекендерінде иппотерапия бағдарламалары жұмыс істейді, биыл бұл мақсатқа 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама Риддер қаласында және Ұлан ауданында да іске қосылады.
SOCIUM ПЛАТФОРМАСЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде 2023 жылдан бастап Socium цифрлық платформасы қолданылады, ол барлық арнайы әлеуметтік қызметтерді тіркеуге және қызметкерлердің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жыл сайын 14 мыңға дейін өтінім өңделеді, бұл қызмет көрсетушілер арасында ашықтық пен әділ бәсекелестікті қамтамасыз етеді.
ҚАРИЯЛАР БАС ҚОСАТЫН ОРТАЛЫҚ
Биылғы наурыз айында Өскеменде қарттардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Мұнда 15 үйірме жұмыс істейді, қазірдің өзінде 400-ден астам зейнеткер осы орталықтың қызметін пайдаланып отыр. Жақын арада мұндай орталықтар облыстың басқа да аудандарында ашылады.
ҚОРДЫҢ ҚОЛДАУЫ
«Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, Baquatty aimaq qory жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Бозанбай ауылында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған Ainala оңалту орталығы ашылады. Қор орталықты жабдықтауға және мамандарды оқытуға 350 млн теңге бөлуді өз мойнына алды.
Бүгінге дейін Шығыс Қазақстан облысында көмекке мұқтаж адамдардың ешқайсы әлеуметтік қолдаудан тыс қалған емес, бұл үрдіс болашақта да жалғасып таба береді.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі



