Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Тверь облысының (Ресей Федерациясы – ред.) губернаторы Игорь Руденя іскерлік кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту және өңірлер арасындағы жаңа меморандумға қол қою мәселесін талқылады, деп хабарлайды F16.kz.
Кездесу барысында Нұрымбет Сақтағанов Ресей аймақтарымен тұрақты байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ШҚО-ның сыртқы сауда айналымының шамамен 26%-ы Ресейге тиесілі. Бұл көрсеткіш былтыр 1,2 миллиард АҚШ долларына тең болды.
Біз меморандумға қол қою екі өңір арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандырып, тауар айналымы мен өзара инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал етеді деп сенеміз, – деді Сақтағанов.
Өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі биыл сәуір айында Қазақстан Парламентінің Сенаты мен Ресейдің Федерация Кеңесі арасындағы комиссияның 23-ші отырысында егжей-тегжейлі талқыланған.
Кездесу соңында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тверь облысының губернаторын 10 қыркүйекте өтетін «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырды. Форум барысында өңірдің инвестициялық тартымдылығы, мәдени және өндірістік әлеуеті таныстырылады.
Біздің әріптестігіміз өзара тиімді әрі нәтижелі болады деп сенемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов, кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдіре отырып.