ШҚО параспортшысы Сергей Антропов әлемдік турнирлердегі жүлделі орындары үшін төленуге тиіс болған қаражаттарын сот арқылы өндіріп алды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Жоғарғы Сотқа сілтеме жасап.
2022 жылы Антропов Түркияның Анталия қаласында пара-армрестлингтен өткен әлемдік турнирде екінші, ал келесі жылы Алматыда ұйымдастырылған осындай жарыста үшінші орын алған болатын. Алайда кейін Спорт және туризм министрлігі жүлделі орындар үшін қарастырылған төлемдерді жасаудан бас тартты.
Шенеуніктердің пікірінше, спортшы құжаттарды тапсырғанда ресми мерзімдерді сақтамаған. Бұған қоса, жаңа нормативтік акт бойынша, мұндай төлемге ие болу үшін спортшы кем дегенде 20 елдің саңлақтары қатысқан жарыстың жүлдегері болуы керек екен-мыс.
Істі ШҚО әкімшілік соты қарап, 2022 жылғы чемпионат кезінде аталмыш талап әлі болмағанын анықтады. Демек, талапты спортшының сол жылғы жетістіктеріне қатысты қолдану мүмкін емес.
– Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес, паралимпиадалық емес спорт түрлерінде өнер көрсететін спортшыларға ынталандыру сыйақысын төлеуге қатысты нақты тыйым жоқ екені атап өтілді. Бұл ретте сыйақыны төлеуден бас тарту Конституция нормаларына қайшы және Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін, оның ішінде БҰҰ-ның мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары туралы Конвенциясын, сондай-ақ әкімшілік рәсімдердің негізгі қағидаттарын бұзу болып табылатыны айту керек, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сотта анықталғандай, Антроповтың халықаралық жарыстарға қатысуы бюджеттен қаржыландырылған, демек, бұл жерде мемлекеттің мүддесі бар. Сондықтан төлемдерден бас тарту сенім қағидатын бұзу ретінде қарастырылуға тиіс.
Белгілі болғандай, бұған дейін шығысқазақстандық тағы бір параспортшы осындай талап арыз берген екен. 2021 жылы Бухаресте өткен армрестлингтен Әлем чемпионатында Владимир Уфимцев үшінші орынға ие болған. Ал келесі, 2023 жылы Алматыда өткен дәл осындай додада Владимир екінші орыннан көріне білген. Биылғы 20 маусымда сот Туризм және спорт министрлігінің ақшалай көтермелеулерді төлеуден бас тарту туралы шешімдерін заңсыз деп танып, спортшыға 162 063 теңге төлеуге міндеттеген.