Елімізде қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексерудің жаңа шарттары күшіне енеді. Жаңа шарттарға сәйкес үш ай ішінде 1 миллион теңгеден астам аударым жасаған тұлғалар назарға алынады, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті.
Қазір мобильді аударымдарды тексеру бойынша ақпарат алып отырмыз. Бұған дейін басқа шарттар қолданылған. Енді үшінші шарт енгізіледі. Ол бүгін қабылданған (салық салуға қатысты) заң жобасынан кейін күшіне енуі керек еді. Заң қабылданды, енді 60 күн ішінде күшіне енеді. Соған сәйкес, біз нормативтік құжатты қабылдап, жұмысқа кірісеміз. Жаңа тәртіп қыркүйектен бастап іске қосылады, – деді Ержан Біржанов.
Сонымен қатар вице-министр туыстар арасындағы аударымдар туралы түсіндірді.
Егер ақшаны, ата-ана мен бала бір-біріне аударса, ондай жағдайда ешқандай тексеру болмайды. Мәселен, анасы қызына, әкесі баласына, не бауырлар бір-біріне ақша жіберсе бұл жағдайларда сұрақ туындамайды. Тіпті аударым сомасы 1-2 миллион теңге болса, мұны туыстар бір-біріне аударса ол тексерілмейді. Барлық шарттар бір мезетте орындалуы керек, яғни тексеріс жүргізілуі үшін үш критерий де қатар келуге тиіс. Бірінші шарт: ақша жіберушілер 100 түрлі адам болуы керек. Екі не он адам бір-біріне ақша аударса бұл тексеруге жатпайды. Сізге жыл сайын ақша жіберетін 100 туысыңыз болуы екіталай. Сондықтан бұл шарт сізге қатысты болмайды. Екінші шарт: осы 100 адам үш ай қатарынан бір адамға ақша аударуы керек. Үшінші шарт: жалпы аударым сомасы 1 миллион теңгеден асуы керек, – деп түсіндірді Біржанов.