Өскеменнің Космический көшесінде бірнеше көлікті зақымдап, әлеуметтік желінің «жұлдызына» айналған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды F16.kz.
Естеріңізге сала кетсек, кеше, 25 маусым күні Өскеменнің Космический көшесінде оң рөлді «Тойота» жеңіл көлігін тізгіндеген ер азамат жолындағы бірнеше мәшінмен қақтығысқан, көшедегі жарық шамның бағанасына соғылған. Бұдан кейін жүргізуші көлікті ауладағы көгалда қалдырып, өзі кете барған. Бұл жағдайды куәгерлер бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге таратты.
ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, осы жағдайға байланысты тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, 31 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғынын ұстады. Қоғамдық тәртіпті және жол жүру ережесін өрескел бұзған, бөтеннің мұлкіне зиян келтірген азамат қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның жай-жапсарын құқық қорғау органы тексеріп жатыр.