Елімізде денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын адамдардың саны жылдан-жылға артып келеді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның деректеріне сәйкес, кейінгі үш жылда (2021-2024) спортпен шұғылданатын азаматтардың саны 24 пайызға артып, 8,4 миллионға жеткен. Бұл – ел халқының 40 пайыздан астамы.
– Ең маңыздысы, бұл көрсеткіш әлі де өсіп келеді. Мұндай оң серпін отандастарымыздың салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артып келе жатқанын және қоғамда сапалы спорт инфрақұрылымы мен қолжетімді спорттық қызметтерге нақты сұраныстың қалыптасқанын аңғартады, – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Мұндай оң серпін көп жағдайда бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жүйелі жүзеге асырылуымен байланысты. Мәселен, 2021 жылдан бастап денешынықтыру мен спортты дамытуға арналған мемлекеттік инвестиция көлемі екі еседен аса өсіп, 2024 жылы 153 миллиард теңгеден 315 миллиард теңгеге жетті. Бұл қаражат еліміздің түпкір-түпкірінде спорт нысандарын салу мен жаңғыртуға, спорт секциялары мен үйірмелерін қолдауға, бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға, сондай-ақ білікті кадрларды даярлауға бағытталып отыр.




