Шығыс Қазақстан облысының полициясы елді мекен сыртындағы жолдарда үзіксіз тұтас сызықты кесіп өту жағдайларын дрон арқылы бақылауды күшейтті. Бұл ретте жол сақшылары жүргізушілерді жол бойында ұшу аппараты қолданылатыны туралы алдын ала ескертуге міндетті емес, деп хабарлайды F16.kz.
Жүргізушілердің көбі жоғары жылдамдықпен келе жатып бұрылыста жолдағы тұтас сызықты кесіп, қарсы бағытқа шығып кетеді. Біз мұндай жағдайларды әуеден дрон арқылы анықтаймыз. Ал жүргізушілер бізге бұл туралы алдын ала ескертпедіңіздер деп шағым айтады. Бірақ ешқандай заңнамада жол қозғалысы ережелерін сақтауды ескерту қажет деген талап жоқ. Жүргізуші куәлігін алған екенсіз, жол қозғалысы ережелерін сақтауға тиіссіз. Ережені бұзсаңыз, заңға сәйкес жауапқа тартыласыз. – деді ШҚО ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы Орал Рыспаев.
Оның айтуынша, полицияның қызмет атқару әдістері мен құқық бұзушылықтарды тіркеу ішкі бұйрықтармен реттеледі. Егер жүргізуші полицияның әрекетімен келіспесе заңда белгіленген тәртіппен, яғни сот арқылы шағымдануына құқығы бар.
Полицияның айтуынша, былтырдан бері тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы қозғалыс жолағына шыққан адамға жарты жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған. Қарсы бағытқа шығу тек жолда қандай да бір кедергі болғанда ғана бұзушылық болып саналмайды.