Қазақстанда айыппұлдың тағы бір түрі енгізілді. Енді қоғамдық орында кептерге жем шашқан адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды F16.kz.
Нақтырақ айтсақ, мұндай әрекетке барған азамат еліміздің «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 505-бабына сәйкес жауапқа тартылады. Заң талабын бірінші рет бұзғаны үшін ескерту жасалуы немесе 20 АЕК (шамамен 69 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал егер екінші қайтара бұзса, яғни қоғамдық орында құстарға тамақ беруді жалғастыра берсе 30 АЕК (шамамен 103 мың теңге) мөлшерінде айыппұл арқалайды.
“Мен тамақтандырамын, болашақта да тамақтандыра беремін! Нанның қоқымын жерге тастамаймын, қоқыс жәшігіне іліп қоймаймын.
Қоғамдық емес жерді тауып беріңізші! Барлық жерде адамдар. Маған кептерлерді тамақтандыруға арналған аумақты көрсетіңіз, ондай орын жоқ”, – деп жазды желі қолданушылары.
Мамандардың айтуынша, кептерлер 90-ға жуық түрлі қоздырғышты, соның ішінде адамға жұғатын инфекцияларды тасымалдайды. Атап айтқанда, сальмонеллез, токсоплазмоз, орнитоз, туляремия, псевдотуберкулез және басқа аурулар жұқтырады. Сонымен қатар кептерлер паразиттерді, оның ішінде бүрге, төсек құрттарын, кене және қоңыздарды тасымалдайды.