Шығыс Қазақстанның көрікті жерлерінің бірі – Таулы Үлбі ауылында елдің барлық өңірінен келген 500-ге жуық делегат «Жастар руухы» республикалық жастар саяси лагерінің «Бір толқында» диалог алаңына жиналды, деп хабарлайды F16.kz.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің төрағасы, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Жастар рухы» жастар қанаты бүгінде елдегі ең ірі жастар ұйымы ретінде 100 мыңға жуық адамды біріктіріп отыр. Ал республикалық лагерь — жас азаматтарды қолдауға арналған өзекті мәселелерді талқылайтын тұрақты жастар алаңына айналды. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында лагерьге 200-ге жуық жас инженерлер, шахтерлер, металлургтер, жастар көшбасшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, депутаттар жиналды.
Ерлан Қошановтың айтуынша, Мемлекет басшысы жастарға білімге ұмтылу, еңбекқорлық және отансүйгіштік деген үш басымдықты айқындап берді. Бұл – жаңа буынның өмірлік бағыт-бағдары. Сонымен қатар қазіргі уақытта жұмысшы жастардың әлеуметтік, тұрғын үймен қамту және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелерін шешуге бағытталған «Жұмысшы жастар аманаты» атты жаңа жоба іске қосылды. Мәжіліс спикері жұмысшы жастар арасынан дарынды көшбасшыларды анықтап, оларды партияның кадрлық резервіне қосу, мемлекеттік қызметке тарту, түрлі саладағы басшылық лауазымдарға ұсыну қажеттігін атап өтті.
«Жастар рухы» белсенділері әрдайым елдегі өзекті мәселелер — лудомания, нашақорлық, қарызға бату, жұмыссыздық секілді түйткілдерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынуға атсалысып келеді. Белсенді жастар АЭС салу бастамасын, сондай-ақ экологиялық акциядан жалпыхалықтық қозғалысқа айналған «Таза Қазақстан» бастамасын қолдады.
«Жастар рухы» қозғалысы – белсенді, бейжай қарамайтын, мақсатшыл жастарды біріктіре отырып, ел өмірінде ерекше орын алатын ұйым. Шығыс Қазақстан – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дамыған өңір ғана емес, сондай-ақ бай мәдени мұрасы, ерекше табиғаты, мол адами және зияткерлік әлеуеті бар өлке. Мемлекет, қоғам және жастар біріге отырып өңір мен ел алдындағы ауқымды міндеттерді жүзеге асыра аламыз, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жиында елдің әр өңірінен келген делегаттар сөз сөйледі. Риддер қаласынан келген гидрометаллург Ольга Ушакова мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жандандыруды ұсынды. Бұл – жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Лагерьде 7-10 шілде аралығында түрлі семинарлар мен тренингтер, өзекті тақырыптар бойынша пікірталастар, тәжірибе алмасу, сондай-ақ «Алтай-2025» этнофестивалі өткізіледі.




