Биыл жазда Өскеменнің іргесіндегі Шешек асуында тағы бір демалыс орны бой көтереді. Жергілікті билік жобаны тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бұған дейін жазғанымыздай, Шешек асуында құрылыс жұмысы биылғы мамырда басталған. Ол жерде қазір көліктерге арналған автотұрақ салынып, кәуап пісіретін мангал алаңдары, көлеңкелеп отыратын күнқағарлар, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылған. Асудың ең биігінде төңірекке көз жүгіртіп, табиғатты тамашалауға арналған бақылау алаңы жасалып жатыр. Сол сияқты воркаут алаңы, балалар ойнайтын алаңқай, дәретхана және демалушыларға қажетті басқа да дүниелер қойылады. Қысқасы, қаланың у-шуынан шаршаған кезде бір сәт серпіліп қайтам деген адамға мұнда барлық жағдай жасалады. Ең бастысы, демалыс аймағы қысы-жазы қабылдайды.
Өскемендіктердің сүйікті демалыс орындарының бірі – Шешек асуы. Ол жерге адамдар қыста да, жазда да көп барады. Сондықтан біз осы аймақты абаттандырып, жайлы жағдай жасалған демалыс аймағына айналдыруды жөн көрдік. Қазір жұмыс жүріп жатыр, атвотұрақ салынды, шатырлар орнатылды, кәуап алаңдары, орындықтар және басқа да нысандар қойылды. Жоспар бойынша бұл жұмыстарды осы айдың соңына дейін аяқтаймыз, ұзаса 10 тамызға дейін бітеді, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов.










