ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжо Тэ-ик екі жақты ынтымақтастықты дамыту жоспарын талқылады, деп хабарлайды F16.kz.
Корея елшісі Шығыстың балы мен басқа да табиғи өнімдеріне қызғушылық танытты. Сондай-ақ білім беру, атом энергетикасы, туризм және агроөнеркәсіптік кешен салаларында ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін білдірді.
Smart-фермалар құру, бал мен басқа да табиғи өнімдерді экспорттау жобаларына ерекше тоқталдық. Бұл бағыт сауда көлемін ұлғайтуға және заманауи технологияларды енгізуге өте жақсы мүмкіндік. Туризм саласы да назардан тыс қалған жоқ. Туристік өнім қалыптастыру мен тікелей әуе қатынасын дамыту жайлы да сөйлестік, — дейді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кету керек, биыл Қазақстанда корей диаспорасының құрылғанына 35 жыл толады. Аймақ басшысы оның аясында өтетін шараларға белсене қатысатынын айтты.
Кездесу соңында Нұрымбет Сақтағанов Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-икті «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне қатысуға шақырды.




