«Ашық НҚА» порталында «Өскемен қаласының қоғамдық көлігінде (таксиден басқа) азаматтардың жекелеген санаттарына жолақысын төлеу бойынша жеңілдік белгілеу туралы» қаулыға өзгерістер енгізу жобасы жарияланды, деп хабарлайды F16.kz.
Құжатқа сәйкес, кей азаматтар қалада қоғамдық көлікпен тегін жүруі мүмкін. Атап айтқанда:
- 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер (жаңа оқу жылынан бастап);
- Ұлы Отан соғысына қатысушылар;
- Басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері;
- Өскемен қаласының құрметті азаматтары;
- I топтағы мүгедектер;
- Көру қабілеті бойынша II топтағы мүгедектер;
- «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар;
- I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері автобус пен трамвайда.
Сондай-ақ 80 жастан асқан азаматтар тек трамвайда тегін жүруі мүмкін.
Жоба аясында бұл жеңілдіктерді қамтамасыз ету үшін тасымалдаушылардың шығындарын өтеу де жоспарланып отыр.
Қоғамдық талқылау жүріп жатқандықтан, тұрғындар өз пікірлерін «Ашық НҚА» порталы арқылы қалдыра алады.




