Қазақстандық оқушылар Барселонада өткен International STEM Olympiad байқауында 13 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды F16.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Желілік жасылымның жазуынша, алғаш рет еліміздің сегіз оқушысы беделді халықаралық байқаудың гранд-финалына өтіп, түрлі аталымдар бойынша жүлделі орындарға ие болды.
STEM бағытындағы бұл олимпиадаға әлемнің 35 елінен, оның ішінде АҚШ, Сауд Арабиясы, Түркия, Ұлыбритания, Швейцария және басқа да мемлекеттерден 800-ден астам оқушы қатысты. Байқау бес бағыт бойынша ұйымдастырылды: кодтау, математика, жаратылыстану және технология, жасанды интеллект (AI Challenge) және көркем-жарнамалық фильм.
Қазақстан атынан Астана, Алматы және Павлодар қалаларынан қатысқан оқушылар келесі нәтижелерге қол жеткізді:
- Нұрасыл Рысқұлбеков «Жаратылыстану» санатында алдын ала кезеңде үздік 30 қатысушы қатарына кіріп, финалда «Кодтау» санатынан 1-орын (алтын медаль) жеңіп алды.
- Арман Әубәкір — «Математика» санатында 1-орын (алтын медаль) иегері.
- Жәнібек Нұрхамитұлы, Арман Әубәкір және Бижан Ашыяхатов — «Кодтау» санатында 2-орын (күміс медаль).
- Әлихан Танат пен Нұрасыл Рысқұлбеков — «Кодтау» санатында 3-орын (қола медаль).
- Айша Темірхан — «Жаратылыстану» санатында 2-орын (күміс медаль).
- Жәнібек Нұрхамитұлы мен Нұрмұхамбет Лағылай — «Математика» санатында 2-орын (күміс медаль).
- Әлихан Таңат, Мадина Ержанқызы және Нұрасыл Рысқұлбеков — «Математика» санатында 3-орын (қола медаль).
Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 2 алтын, 6 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.




