Жыл басынан бері көлік полицейлері құқық бұзушылық жасағаны үшін 400-ге жуық адамды пойыздан түсірген, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Полицейлердің басты ұстанымы – Заң мен тәртіп.
– Өткізілген рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде пойыздардан еліміздің әкімшілік заңнамасын бұзған 388 адам түсірілді. Олардың басым бөлігі, яғни, 359-ы алкогольдік мас күйінде пойызға мінген азаматтар болып шықты. Сонымен қатар, ұсақ бұзақылық бойынша 13 және басқа да құқық бұзушылықтар тіркелді, – деп жазады дерек көзі.
Мәселен, Маңғыстау – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы бастығының актісімен Бейнеу станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Қызылорда облысының тұрғынын пойыздан түсірді. Ішімдікке сылқия тойған 31 жастағы ер адам полиция бөлмесіне жеткізу кезінде тәртіп сақшыларының заңды талаптарына қарсылық көрсеткен. Тексеру барысында аталған азаматтың бұған дейін де осыған ұқсас құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Бұл жолы құқықбұзушы бірден екі бап, атап айтқанда алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарға масаң күйде келу, сондай-ақ полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау бойынша жауапқа тартылды. Соттың шешімімен ол 4 тәулікке қамауға алынды.