Бүгін, 18 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы, Таврия ауылында жаңа мешіт ел игілігіне берілді, деп хабарлайды F16.kz.
Мешіттің ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жамағатты құттықтады.
Расында, әрбір адам осы өмірде ізгі іс жасап, сауап алып, ұрпағына, отбасына, әулетіне, тіпті еліне өнегелі із қалдырып кетуге тырысады. Дінімізде үзілмейтін сауаптың бірі – мешіт салу. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол үзілмейтін сауап жайлы өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деген сүйінші хабар жеткізген. Жаратушы иеміз мешіт салған, оған үлес қосқан барша адамға мол сауаптан жазғай. Үзілмейтін сауапты амалдың жақсылығына кенелгей. Әумин!, — деді Бас мүфти.
Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы мешіттің салынуына үлес қосқан азаматтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан алғыс хат табыстап, ризашылығын білдірді.
Айта кетсек, Таврия ауылдық мешітінде бір мезетте 200 адам құлшылығын өтей алады.




