Өскемендегі қоғамдық тамақтану орындарының бірінде өткен мерекелік шарадан кейін жаппай жедел ішек инфекциясымен сырқаттану жағдайы тіркелді. Бірнеше адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгін, 29 шілдедегі мәліметке сәйкес, науқастарда жедел гастроэнтеритке тән белгілер байқалады: жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы және іш өту. Бірнеше адам ауруханаға жатқызылып, қалғандары амбулаториялық ем қабылдады.
Мамандар эпидемиологиялық тексеруді бастап кетті. Дайын тағамдардан, судан және басқа да жерлерден сынама алынды. Ауырған және олармен байланыста болған адамдардан сауалнама алынып, зертханалық тексерулер ұйымдастырылды.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың басым бөлігінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланды, өмірге қауіп төніп тұрған жоқ. Науқастарға қажетті ем жүргізіліп жатыр. Амбулаториялық ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы қалыпты, олар дәрігерлердің бақылауында.
Тексеру жалғасып жатыр, қосымша мәліметтер хабарланады.