2025 жылдың басынан бері ШҚО кәсіпорындарында 175,5 миллион теңгенің жалақы берешегі өтелді, деп хабарлайды F16.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, бүгінде жалақы бойынша берешектермен күрес инспекция жұмысының басым бағыттарының бірі болып тұр.
– Жыл басынан бері еңбек инспекциясы 300-ден астам жұмыскердің пайдасына 175,5 миллион теңге мөлшеріндегі жалақы қарызын өндіріп алуға көмектесті. Алайда, бұл бағыттағы атқарылар жұмыс әлі де көп. Қазіргі кезде өңір кәсіпорындарының жұмысшылары алдындағы жалақы берешегі 208 миллион теңгеге жетіп отыр, – деп мәлім етті департамент басшысы.
Белгілі болғандай, облыста еңбек тәуекелдеріне қатысты мониторингпен төрт мыңға жуық ұйым қамтылған. Маусым айында 37 кәсіпорын жоғары тәуекел деңгейінде деп танылса, оның 15-інде тиісті шаралар қабылданып, аталмыш кәсіпорындар бақылаудан алынды.
– Жалпы алғанда, облыста әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуал тұрақты деуге болады. Жарты жыл ішінде өңірде бірде-бір еңбек дауы тіркелген жоқ, – деді Б.Қизатов.