Шығыс Қазақстан облысы халықаралық жастар диалогының алаңына айналды. Өңірге Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің жас көшбасшыларынан құралған делегация ресми сапармен келді, деп хабарлайды F16.kz.
Сапар 2024 жылғы 4 шілдеде Астанада өткен «ШЫҰ плюс» форматындағы саммитте қол жеткізілген келісімдер аясында жүзеге асып жатыр. Ол саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлер жағдайында ұйымға мүше мемлекеттердің бірлігі мен бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын атап өткен болатын.
Делегация құрамына Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларынан келген жас көшбасшылар, еріктілер мен қоғам белсенділері кірді. Сапардың негізгі мақсаты – мәдениетаралық диалогты нығайту, жастар арасындағы әріптестікті дамыту және ортақ бастамаларды алға жылжыту.
Бағдарлама аясында делегация мүшелері өңірдің тарихи-мәдени мұра нысандарын аралады. Өскеменнің сол жағалау кешенінде, оның ішінде Абайдың музей-үйінде, этноауыл мен дәстүрлі қазақ киіз үйінде болды. Қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған «Ұлы дала алтыны» көрмесінде сақ-скиф дәуіріне жататын бірегей жәдігерлер – зергерлік бұйымдар, қару-жарақ және ат әбзелдері қойылған.
Сапардың басты оқиғаларының бірі Ұлан ауданында өткен этнофестиваль болды. Делегация өкілдері қазақ халқының қолөнерімен, салт-дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен және фольклорымен танысып, мәдениетіміздің тереңіне үңілуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар қатысушылар Ертіс өзенін бойлап кемемен серуендеп, Өскеменнің табиғи сұлулығын тамашалады.
Іс-шара аясында ресми кездесулермен қатар бейресми жүздесулер де өтті. Диалог алаңдарында волонтерлік, тұрақты даму, экология және ШЫҰ елдері жастары арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
Жақын күндері шаралар жалғасады. Жоспарда – пікірталас сессиялары, мәдени іс-шаралар және өңірдің белсенді жастарымен кездесулер бар. Осылайша Шығыс Қазақстан ашық диалог пен халықаралық әріптестік кеңістігі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.




