Маусым айындағы зерттеу нәтижесі ел дамуына қатысты бағалаудың тұрақты екенін көрсетіп отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл – таңдалған бағытқа қатысты қоғамда консенсус сақталып отырғанын және әлеуметтік көңіл-күйдің орнықты екенін көрсетеді. Респонденттердің басым бөлігі (79,4%) ел дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды.
Пікірлердің оң болуы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты да байқалады. Маусым айында респонденттердің 73,6%-ы бұл жағдайға оң баға берген. Бұл үрдіс халықтың қазіргі ахуалды қабылдауында тұрақтану үдерісі жүріп жатқанын көрсетеді.
Саяси жағдай да негізінен оң бағаланады: респонденттердің 76,2%-ы қазіргі жағдайға қанағаттанатындарын білдірген. Қоғам тарапынан берілген жоғары оң баға көбіне саяси, әлеуметтік-экономикалық және психологиялық факторлардың жиынтығына байланысты. Олардың қатарында ЖІӨ-нің 6%-ға өсуі, жаңа инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың салынуы мен іске қосылуы, ТКШ және көлік инфрақұрылымын жөндеу мен жаңғырту жұмыстары бар.
Аталған әлеуметтік зерттеуді Қоғамдық саясат институты 2025 жылы 18 маусым мен 4 шілде аралығында жүргізді. Сауалнамаға 18 жастан асқан 2000 қазақстандық қатысты. Сауалнама ұлттық репрезентативті іріктеме бойынша жүргізілді. Іріктеменің қателік мөлшері ±2,2%-дан аспайды.