Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада ойындарына Шығыс Қазақстаннан кімдер қатысады? Спортшылардың бабы қалай? Дайындық қай деңгейде? Бұл туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов баян етті, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңір спортшыларының 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық мәселесі қаралды.
Асқар Можанов аймақтың 16 спортшысы қысқы спорттың алты түрінен олимпиада лицензиясы үшін белсенді күрес жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде биатлон, шаңғы жарысы, фристайл, шорт-трек, тау шаңғысы және трамплиннен секіру сынды спорт түрлері бар.
Ойындарға қатысуға басты үміткерлердің қатарында қазақстандық фристайл жұлдыздары Юлия Галышева, Анастасия Городко және Павел Колмаков бар, сондай-ақ шорт-трек өкілі Құмарқан Зейнептің де мүмкіндігі жоғары. Олардың барлығы халықаралық рейтингтерде жоғары орынға ие және әлем кубогы мен рейтингтік жарыс кезеңдерінде ұпай жинауды жалғастырып келеді.
Спортшыларды қолдау мақсатында облыс әкімдігі былтыр 24 қазанда қаулы қабылдап, кешенді даярлық жоспары бекітілді. Спортшылар заманауи құрал-жабдықтармен, тұрақты оқу-жаттығу жиындарымен, толық медициналық сүйемелдеумен қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Денешынықтыру және спорт басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп спортшылардың 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына даярлығын бақылауға алып, жұмысты жалғастырсын. Бақылауды орынбасарым Ербол Нұрғалиевке жүктеймін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Осы жылдың соңына дейін өңір спортшылары ондаған халықаралық жарысқа қатысады, ал олимпиадаға финалдық іріктеу 2026 жылдың қаңтарында аяқталады.




