Елімізде әскерге шақырылушыларды іріктеудің жаңа әдістемесі – PSY-тәуекел жүйесі енгізіліп жатыр. Енді психоэмоционалды ауытқуы бар жастар әскерге шақырылмайды, деп хабарлайды F16.kz порталы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Әскер қатарына шақырылатын жастардың психологиялық жағдайын алдын ала бағалау мақсатында енгізілген PSY-тәуекел жүйесі суицидке бейімділікті ерте анықтап, қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі.
Жүйе бірнеше кезеңнен тұрады: бастапқы скрининг, терең психодиагностика және қажет болған жағдайда психиатриялық сараптама. Биыл көктемгі шақыру кезінде әдіс сынақтан сәтті өтіп, 470-тен астам жастан суицидтік белгілер байқалған. Олар әскерге алынбай, қосымша тексеруге жолданды.
Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары әзірлеген бұл әдістеме әскерге психологиялық тұрғыдан дайын емес адамдарды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Тиісті шаралар Үкімет тапсырмасымен жүзеге асып жатыр.
Министрлік өкілі, подполковник Арман Қалышевтің айтуынша, жүйе тек жеке құрамның психологиялық қауіпсіздігін емес, әскери бөлімдердегі жалпы моральдық ахуалды да қорғауға көмектеседі.
Біз психологиялық тұрақсыздарды електен өткізіп қана қоймай, болашақ әскери бөлімдердің ұжымдарын ықтимал қауіпті жағдайлардан қорғауға тырысамыз. Бұл бөлімшелердегі денсаулық, өмір және моральдық ахуал қатысты, — деді подполковник Арман Қалышев.
Бүгінде аталған жаңашылдық еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл — әскердегі штаттан тыс жағдайлардың санын азайтып, жастардың психикалық денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.