Биыл Шығыстың бас шаһарында абаттандыру жұмыстары басты назарға алынды. Қала көркейіп, саябақтар жөнделіп, тұрғындар мен қонақтар үшін жаңа демалыс орындары бой көтеріп жатыр. Соның бірі – Шешек асуы, деп хабарлайды F16.kz.
Қазір ол жерде жұмыс толық аяқталған жоқ. Десе де өскемендіктер қаланың іргесіндегі жаңа демалыс орнында серуен құрып жүр. Онда келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Автотұрақ салынып, кәуап пісіретін мангалдар, көлеңкелеп отыратын күнқағарлар орнатылған. Балаларға арналған ойын алаңы, дәретхана мен табиғатты тамашалауға арналған бақылау алаңы да салыныпты.
Жоба мамырдың соңында басталды, жоспар бойынша тамызда қолданысқа берілуі керек болған. Бірақ басты талап – сапа. Қазір мұндағы жұмыстар аяқталуға жақын, алдағы күндері жарық тартып, бақылау камераларын орнатуға кірісеміз. Келісім бойынша, қолданысқа берілгеннен кейін біздің тараптан 3 жыл кепілдік беріледі. Қандай да бір ақау шықса өз қаржымызға қалпына келтіреміз. Сондай-ақ осы демалыс орнының сәнін кіргізу үшін арнайы компания атынан алтыбақан сыйға тарттық, — деді «DAN-INVEST» ЖШС учаске бастығы Ерлан Аубакиров.
Қаланың шуынан шаршап, таза ауада демалу үшін мұнда тұрғындар жиі келеді. Енді жабдықталған жаңа демалыс аймағы қысы-жазы жұмыс істейді. Келушілер аумақты күтіп ұстап, тазалық сақтаса одан әрі гүлдене бермек.
Шешек асуы абаттандырылғалы отбасымызбен бірінші рет келіп тұрмыз. Балалар үшін де, ересектер үшін де жағдай жасалған. Қаладан алысқа бармай-ақ осындай тамылжыған табиғатта демалуға болатынына қуаныштымыз. Қаламыз әлі де көркейе берсін, — деді қала тұрғыны Арман Сайлауханов.
Жаңа аймақ жергілікті бюджетке салмақ салмау мақсатында сенімгерлік басқарушыға берілуі мүмкін. Қала әкімінің айтуынша, мұндай шешім аумақты күтіп ұстап, ары қарай көркейту үшін қабылданған.
Мұнда абаттандыру жұмысы осымен тоқтап қалмайды, кезең-кезеңімен дамытуды қолға аламыз. Бәрі заңды және әділ болуы үшін байқау жариялап, сенімгерлік басқарушыға беруді жоспарлап отырмыз. Демалыс орнына туристер де, тұрғындар да көп келетіндіктен алдымен кофехана, тамақтанатын орын ашып, сауда-саттық ұйымдастыруға болады, яғни кәсіп бастауға да мүмкіндік. Екіншіден, сенімгерлік басқарушы бұл жердің тазалығын, абаттандырылуын қолға алып, жауап береді, — деді қала әкімі Алмат Ақышов.
Ал әзірше, демалыс орнының тазалығы «Таза Өскемен» кәсіпорнына жүктелген.







