Бұрын мүлгіген тыныштық орнаған Ертіс көпірінің астында қазір жиналған халықтың қарасы қалың, дені жастар мен оқушылар. Себебі, қаладағы жаңа демалыс орындарының бірі осында орналасқан, деп хабарлайды F16.kz.
Ертіс көпірінің астындағы абаттандыру жұмыстары аяқталды. Мұнда воркаут-алаңдар, коньки паркі, теннис үстелдері, баскетбол алаңы және ММА-ға арналған сегізбұрышты ринг орнатылған. Спортпен шұғылдануға үндейтін түрлі арт-объектілер де салынған.
Бұл орын өскемендіктердің сүйікті демалыс орнына айналып келеді. Бұқаралық спортты дамыту үшін мұнда әр тұрғын қызығушылығына қарай түрлі спорт түрлерін тамашалап немесе қатыса алады. Бұл жұмыстар осымен тоқтап қалмайды. Біздің қалада бірнеше көпір бар, сол көпірлердің асында да осындай демалыс орындары салу жоспарда бар, — дейді қала әкімі Алмат Ақышов.
Көпір астындағы бетон тіректер де безенедірілген. Сонымен қатар киім ауыстыратын бөлмелер, фуд-корттар, демалып отыруға арналған орындықтар да орнатылды. Аумақтың қауіпсіздігін сақтау үшін 8 камера орнатылған.
Жарықтандыру мәселесі де шешілген, ешқандай мәселе жоқ. Тек келушілер тазалық сақтап, бюджет қаражатына салынған ортақ, қоғамдық жерді күтіп ұстаса жеткілікті, — деп атап өтті Алмат Талғатұлы.
Тұрғындар демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуі үшін алдағы жылдары қаланың өзге де аудандарында осындай демалыс орындары салынбақ.







