Биылғы 11 тамыздан бастап елімізде электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу тәртібі өзгереді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Енді қазақстандықтар ЭЦҚ алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бармайды. Бұл қызмет адамдарға онлайн көрсетіледі.
ЭЦҚ-ны онлайн алу үшін келесі қадамдарды жасау қажет:
– egov.kz порталына немесе http://pki.gov.kz сайтына тіркелу керек;
– веб-камера арқылы бет-әлпетті сканерлеу арқылы сәйкестендіруден өту керек;
– сәйкестендіру сәтті өткен жағдайда, ЭЦҚ кілті бірден беріледі;
– егер сәйкестендіру сәтсіз болса (мысалы, деректер базасында фотосуреттің болмауы), пайдаланушыға 5 рет қайта әрекет етуге мүмкіндік беріледі.
Биометриялық сәйкестендіруден өте алмаған жағдайда, қолданушы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.
– Аталған шара азаматтардың жеке дерегін қорғау деңгейін арттыруға және цифрлық жеке басын сақтау мақсатында енгізілген. Осылайша, ЭЦҚ-ны бөгде адамның иелену мүмкіндігі жойылады, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Еске салайық, енді бөгде электронды цифрлық қолтаңбаны қолданған жағдайда, жауапкершілік қарастырылған.