Шығыс Қазақстан облысында күлден автоклавты газобетон өндіретін заманауи зауыт құрылысы басталды. Бұл шешім қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтарды азайтуға және құрылыс материалының бағасын төмендетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды F16.kz.
Жоба «Ертіс» ӘКК» АҚ мен «Ecoton-Shygys» ЖШС арасында жасалған келісім негізінде жүзеге асырылады.
«Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мәлімдеуінше, жаңа кәсіпорынның жылдық қуаты – 120 мың текше метр газоблок. Бұл шамамен 800 жеке тұрғын үй немесе 50 көпқабатты үй салуға жетеді. Жобаға салынатын жалпы инвестиция – 4,04 млрд теңге, оның 35%-ын облыс, 65%-ын жеке инвестор қаржыландырады.
Зауытта 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылып, қосалқы салаларда кемінде тағы 200 жұмыс орны ашылмақ. Жұмысшылардың орташа жалақысы 250–350 мың теңге көлемінде болады. Онда жылына 30 мың тоннаға дейін күл өңделеді, бұл CO₂ шығарындыларын 8–10 мың тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Өнімнің өзіндік құны өзге құрылыс материалдарымен салыстырғанда 10–15% төмен болады, ал газобетон үйлердің жылу оқшаулауын жақсартып, тұрғын үйдің үнемділігін арттырады. Жергілікті кәсіпорындарға 650 млн теңгеден астам тапсырыс, бюджетсе 165 млн теңге көлемінде салық түсімдері түседі деп болжанып отыр.
Зауыт 2025–2026 жылдары іске қосылады деп жоспарланған. Жоба «жасыл экономиканы» дамытуға және тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға ықпал етпек.




