Қазақстанның бірнеше өңірінде найзағай, дауыл және бұршақ күтіледі, деп хабарлайды F16.kz тілшісі «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Дерек көзінің мәліметінше, алдағы күндері еліміздің орталық және солтүстік аймақтарында күн райы күрт құбылады. Аталмыш өңірлерде найзағай ойнап, қатты жел соғып, бұршақ жаууы ықтимал.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде күндіз найзағай ойнайды, ал түнде және таңертең солтүстік пен шығыс бөлігінде тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Облыстың оңтүстігінде өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталып отыр. Осыған байланысты тұрғындарға ашық от жақпауға, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға кеңес беріледі.
Өскемен қаласында да күндіз найзағай күтіледі. Мамандар ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда және ашық аспан астында сақтық шараларын ұстануға шақырады.