Өскеменде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қайта жанданды. Бұл жолы облыс орталығына балы мен қымызы брендке айналған Катонқарағай ауданының шаруашылықтары келеді, деп хабарлайды F16.kz.
Азық-түлік жәрмеңкесі сенбі, 19 сәуірде қаладағы «Алтай» көтерме—тарату орталығы аумағында өтеді. Тұрғындарға Катонқарағай ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен Өскеменнің кәсіпкерлері өз өнімін ұсынады. Жәрмеңкеде тауарлар нарықтағы бағадан 15-20% төмен сатылады. Бұл тұтынушыларға тиімді, ал кәсіпкерлерге тауарын тікелей өткізуге мүмкіндік.
Катонқарағай ауданы әкімдігінің мәліметінше, Өскеменге жалпы құны 5,6 миллион теңгеге жуық 2275 кг ауыл шаруашылығы өнімі әкелінбек. Оның ішінде 800 кг сиыр еті, 720 кг жылқы еті, 100 кг қой еті, 150 кг бал және басқа да өнімдер ұсынылады.
Айта кетейік, Өскемен қаласының тұрғындарын арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында биылғы 15 наурыздан бастап «Алтай» көтерме-тарату орталығының (КТО) аумағында ауылшаруашылық жәрмеңкелері қайта өткізіле бастады. Оған облыстың әр ауданындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады. Бұл бастама өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті өндірушілердің өз өнімін тұтынушыға тікелей әрі тиімді бағамен ұсынуға жол ашады.
Фото: F16.kz